Мақсаты:
Білімділік: балаларға наурыз мерекесі, наурыз көже туралы түсінік беріп,
өнерлерін көпшілік алдында көрсетуге үйрету;
Дамытушылық: балалардың есте сақтау қабілетін, бойындағы дарындылығын,
төзімділігін дамыту;
Тәрбиелік: адамгершілікке, сыпайылыққа, бірін- бірі сыйлауға көмектесуге,
кешірімді бола білуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: " Армысың, Наурыз!", " Наурыз - жыл
басы", "Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!" деген қанатты сөздер
жазылған плакаттар.
Керекті құрал- жабдықтар: қазақ үй бұрышы, түскиіз, жүн, ұршық, асық, ат,
бесік.
Ертеңгілік барысы:
1-жүргізуші:
Армысыздар, халайық!
Бармысыздар, халайық!
Наурыз тойын жұп жазбай,
Жылда қарсы алайық!
2-жүргізуші:
Той пердесін ашайық,
Тойға шашу шашайық.
Той шашуға тойыңыздар,
Бұдан кейін өлең тыңдаңыздар!
(Шашу шашылады, әже ортаға шығып, ақ тілегін айтып, шашуын шашады)
1-оқушы:
Наурыз тойын аңсап келем,
Ата - бабам жырлап келген,
Той - думаның жалғассын,-деп,
Тойбастарды жолдаймын мен.
2-оқушы:
Наурыз келді құт болып,
Мына бізге сүт болып.
Аққа аузымыз толады,
Бар жақсылық болады.
3-оқушы:
Жаратылыс жаңарып,
Теңелген кез күн мен түн.
Ел сұрасып жаңалық,
Бір- біріне кірген күн.
4-оқушы:
Наурыз көже татысып,
Үйден үйге кірген күн.
Ән мен биге қатысып,
Қауым боп ойнап күлген күн.
5-оқушы:
Наурызда оюлы,
Ұлттық киім киеміз.
Бастап ән - күй, ойыңды,
Би билеуді сүйеміз.
6-оқушы:
Наурыз тойын әдемі,
Әжем еске түсірді.
Біздерге арнап әдейі,
Наурыз көже пісірді.
"Қара жорға" биі биленеді
7-оқушы:
Көзін ашып бұлақтың,
Көпшілік көшет еккен күн.
Туыс, жекжат - жұраттың,
Қадіріне жеткен күн.
8- оқушы:
Қораларда төл төлдеп,
Бау - бақша гүл ашқан күн.
Көңілдер шат көкке өрлеп,
Әр іс оңға басқан күн.
1- жүргізуші: Балалар, біз наурызда не ішеміз?
Балалар : Көже, көже.
2- жүргізуші: Көженің құрамы неден тұрады, яғни не саламыз?
Балалар: Су, ет, тұз, арпа, кеспе, айран.
1- жүргізуші: Ал енді балалардың өнерін тамашалаңыздар. Наурыз мейрамынан
көріністер. Күй орындалып тұрады.
1.Қонақ күту наурыз көже беру;
2.Бесікке салу, бесік жырын айту;
3.Тұсау кесу рәсімі;
4.Жүн түту, иіру:
5.Қыз қуу;
6.Күресу;
7. Асық ойыны;
2- жүргізуші:
Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй, - деп Абай атамыз айтқандай кезекті әнге берейік.
"Атамекен" әні орындалады.
1-жүргізуші: Осымен, қадірменді қонақтар, наурыз мерекесіне арналған шағын
ертеңгілігіміз аяқталды.